Акционер болғысы келетіндер көп
![]() | 5-ші қарашадан бастап "ҚазТрансОйл" компаниясының акциясы сатылымға шығарыла бастады. Бұл- "Халықтық IPO (Ай-Пи-О)" бағдарламасына қатысушы ретінде іріктелген алғашқы ұлттық компания. Акционер атану құқығына кез-келген Қазақстан Республикасының азаматы ие бола алатындығы айтылған еді. Бүгін "ҚазТрансОйл" компаниясының өкілдері акционерлермен кездесіп, табысы туралы әңгімеледі. "Халықтық IPO" туралы соңғы уақытта аз айтылып жүрген жоқ. Жарнама да жасалды. Соның әсері болар, акция сатылымға шығарылды дегеннен бастап, халық "Қазпоштаның" бөлімшелеріне ағыла бастады. Әсіресе, өтінімдерді қабылдай бастағанда, ұзын-сонар кезек болған. Қазір адам аяғы саябырсыған. Белсенділік танытып жатқандардың көпшілігі- бұрыннан биржада пайда табудан хабары барлар, "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" секілді мұнай компаниясының акциясымен жұмыс істеп көргендер, мұнайлы аудандардың тұрғындары. Мұнай тасымалымен айналысатын "ҚазТрансОйл" компаниясының бір акциясының құны 725 теңгеге бағаланып отыр. Бүгін "ҚазТрансОйл" АҚ басшылығы акционер атануға ниетті инвесторларымен роудшоу өткізді. Компанияның нарыққа орналастырылған және төленген 346 млн 72 мың 40 қарапайым акциясы "ҚазМұнайГаз"-ға тиесілі. Акцияны сатып алған адам қандай пайда көреді? Халықтың көкейіндегі сауалға "ҚазТрансОйлдың" өкілдері жауап берді. Акционер атанған қарапайым тұрғынның қанша пайда көретіні компанияның жылдық табысына байланысты болады. Өткен жылы мысалы акционерге төленген дивидендтің көлемі 19 млрд-тан астам теңгені құраған. Акцияларға қаржы құю басқа қаржы құрылымдарына қаражат салу секілді инвестициялардың табыстылығына кері ықпал етуі мүмкін белгілі бір тәуекелдерге байланысты. Акционер атанған адам құйылған қаржыдан айырылып қалу ықтималдығы немесе олардың толықтай қайтарылмау қаупі бар екендігін ескергені жөн. Сондықтан, қаржы құю кезінде акция табыстылығы жоғары болған сайын оған құйылған қаржы тәуекелі де соғұрлым жоғары болатынын еске сақтаған маңызды. Нарықтағы инвестор қаржы нарығына тән барлық негізгі тәуекелдерге ұшырауы мүмкін. Алайда, "ҚазТрансойлдың" өкілдері компанияның табыстылығын алға тартып отыр. АҚ-ның өткен жылғы таза табысы 25 млрд теңгені құраған. Екі аптаның ішінде облыс тұрғындары "Қазпошта" желісі арқылы 881 шот ашып үлгерген. Жалпы құны 96 млн теңгеге акция сатып алуға тілек білдіріпті. Акцияларды сату 5 желтоқсанға дейін жалғаса береді. Қажетті құжаттар: жеке куәлік пен салық төлеушінің тіркеу нөмірі. Биыл «Халықтық IPO» бағдарламасына «ҚазТрансОйл» АҚ ғана қатысып отыр. Бұл тізімнің санатына келесі жылы «KEGOC», «Эйр Астана», «ҚазТрансГаз» «Самұрык-Энерго» АҚ-дары қосылады. IPO мемлекеттің ұлттық байлығын олардың азаматтары арасында бөлу дегенді білдіреді. Дамыған батыс елдерінде бұл бұрыннан сәтті қолданыс тауып келеді. |
Количество показов: 2643
Дата создания: 13.11.2012 18:52:49