Ертең ұлттық біріңғай тестілеуге өтініш қабылдау басталады
Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау ертең басталады. 25-сәуірге дейін жалғаспақ. Тестілеудің өзі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жүруі тиіс. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш беруге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушы әр адам жеке жасалған тест нұсқасын алады. Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.Айта кетейік, ҰБТ тапсырушыға ең алдымен қолдау керек. Балаға психологиялық қолдау маңызды. Бұл жерде ата-ана мен ұстаздың рөлі зор. Жасөспірім апатия немесе уайымға салынып кетпес үшін ҰБТ алдындағы қорқынышты бірге жеңуге барыңызды салыңыз.
Количество показов: 41
Дата создания: 12.04.2025 10:13:55