Облыстағы бала тууға қабілетті жастағы әйелдердің 24 пайызының дені сау емес
![]() |
Қобда, Шалқар және Әйтеке би аудандарында бала өлімінің көрсеткіштері жоғары. Ал, Ойыл ауданында денсаулығына байланысты бала тууға тыйым салынған әйелдер көп. Мұндай деректерді бүгін облыстың бас гинекологы Әлия Шаңғараева облыстық әкімдікте өткен жиында жария етті. Ақтөбеде бала тууға қабілетті жастағы әйелдер саны - 218 мың 920 адам, бұл облыс халқының 28 пайызы. Нәзік жандылардың 24 пайызының денсаулығы нашар. 18 мың келіншектің акушерлік асқынулары бар. 2 мыңнан астам әйелге бала көтеруге мүлдем тыйым салынған. Жыл басынан бері жасанды түсік жасатудың 3 мыңнан астам дерегі тіркелді. Жасырын түсік жасатқандарды қоспағанда. Аяғы ауыр әйелдердің 29-ы әлеуметтік жағдайларға байланысты жүктілікті тоқтатқан. Биыл облыста 12 мың 795 бала туылған. Оның 12 пайызы сәби кезінде шетінеп кетті. Облыстың бас гинекологы Әлия Шаңғараева биыл сәби қазасының Қобда, Шалқар және Әйтеке би аудандарында көп тіркелгендігін айтады. Мәселен, Шалқар ауданында жыл басталғалы төрт нәресте қайтыс болған. Жыл басталғалы 8 мың 723 жүкті келіншек арнайы скринингтен өткізілген. Құрсағындағы сәбиінен Даун синдромының белгілері анықталған төрт әйелдің жүктілігі үзілді. Ал жаңа туылған жеті мыңнан астам шарана неонатальды скринингтен өтті. Төртеуінен тұқым қуалаушы дерт анықталды. Үшеуінің өңеші дұрыс дамымаған. Мұндай балалар ақыл-есі кем болып өсуі мүмкін. |
Количество показов: 2583
Дата создания: 19.09.2012 20:18:31