Полицияға көмектесетін студенттік жасақтар құрылуда
![]() | Ақтөбеде полицияға көмектесетін студенттік жасақтар құрылып жатыр. Ішкі істер департаменті бастығының бастамасын әзірге 10 колледж бен 3 жоғарғы оқу орнының студенттері қолдаған. Қоғамдық тәртіпті қадағалауға келісімін берген қыз-жігіттерге бүгін штаттан тыс тәртіп сақшысының куәлігі табыс етілді. Тәртіп сақшыларының қызметі енді біршама жеңілдейді. Оларға студенттер көмекке келді. Университет, институттар мен колледждердегі қоғамдық қауіпсіздік енді солардың мойнында. Қыз-жігіттерге бүгін полицияның қоғамдық көмекшісі куәліктері таратылды. Қалалық ішкі істер басқармасының бастығы қол қойған куәліктерден бөлек полиция көмекшілері арнайы киіммен қамтылады. Әр жасақтың өз командирі тағайындалып, жұмыс жоспары бекітіледі. Студенттер көше кезіп, қоғамдық орындарда жүрмейді. Олар тек өз оқу орны мен жатақханаларының маңындағы тыныштыққа жауапты. Полицияға көмектесетін жасаққа кез-келген студент алынбайды. Жағымды мінездемесі бар, берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын, жаман әдеттерден аулақ жүретін жастар ғана тартылады. Жыл бойы белсенділік танытқандары ақшалай марапатталады. Облыстық ІІД бастығының орынбасары Қаныбек Жақсығалиевтың айтуынша, былтыр оқу орындарында 50-ге жуық қылмыс жасалған. Оның 30-ы колледждерде. Студенттер ортасында әсіресе ұрлық деректері көп. Жыл соңына дейін қаладағы барлық білім ордаларында осындай жасақтар құрылады. |
Количество показов: 2819
Дата создания: 14.02.2013 19:38:55